Басты жаңалықтарЭкономика

Тірлігі табысты тігін фабрикасы

Жұма күні «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы»  акционерлік қоғамының өкілдері «A-Textile» Ақтөбе тігін фабрикасында болып, серіктестіктің жұмыс барысымен танысты.

Ақтөбедегі «A-Textile» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі  жоғары сапалы трикотаж өнімдерін өндіреді. 2020 жылдың екінші жартысында іске қосылған өндіріс орнында 60-тан астам адам еңбек етеді. Құрылғылардың барлығы Германия мен Оңтүстік Кореядан әкелінген. Ал шикізатты Түркия мен Өзбекстаннан тасымалдап отыр. Бүгінгі таңда инвесторлар қолдауымен кәсібін бастаған өндіріс орны алдағы уақытта мемлекеттік қолдау негізінде фабриканы автоматтандырып, өнім түрін көбейткісі келеді. Серіктестік директоры Әлімжан Жалбатыров негізгі мақсат алдымен ішкі нарықты қамту, дегенмен  өндіріс орны өз өнімдерін экспортқа шығуға да қауқарлы екендігін айтады.

 — Біз қазіргі таңда сапа үшін жұмыс жасап жатырмыз. Сондай-ақ білікті маман дайындау бағытына да ерекше көңіл бөліп отырмыз. Тігіншілерді жұмыспен қамту орталықтары арқылы алдық. Арасында мүмкіндігі шектеулі жандар да бар. Өзіміздің білікті мамандар ол кісілерді кәсіби бағытта, жұмыс барысында дайындайды. Қазіргі таңда Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетімен келісімшартқа отырдық. Алдағы уақытта университеттің технолог, дизайнер мамандығында оқып жатқан студенттері бізде тәжірибеден өтетін болады, — дейді Әлімжан Жалбатыров.

Тігін фабрикасының жұмысымен және алдағы жоспарларымен танысқан «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы»  акционерлік қоғамының департамент директоры Қуаныш Мұқажанов ақтөбелік кәсіпкерлердің қарқыны жақсы екендігін айтты.

Ақтөбедегі бірнеше өндіріс орындарында болып, жұмыс барысымен таныстық. Біздің мақсат — осындай мекемелердің өнімдерін экспортқа шығару бағытында қаржылай қолдау көрсету. Бүгін жұмысымен танысқан тігін фабрикасының да өз өнімдерін экспортқа шығаруға әлеуеті бар. Оның нақты бірнеше себептерін де айтуға болады.  Жалпы, кәсіпкер өз ісін үлкен сеніммен, белгілі бір мақсатта жасаса, онда барлығы ойдағыдай болады. Яғни ол бәсекеге қабілетті бола білуі қажет, —  дейді Қуаныш Мұқажанов.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button